Қиюы қашқан,
Қилы заманда қым-қуыт.
Айта алмай ойын жүргендер қанша булығып.
Тәуекел еттің тәуелсіз елдер алдында,
Қажымұқанша қайратты белің бір буып.
Тобылғы сапты,
Қамшыны сонау … жеті өрме,
Толағай қарттар бермеген саған бекерге.
Қасым хан сынды қасқайып салдың қасқа жол,
Қасыңдағылар тарасып тағы кетерде.
Абылай ханша абайлап арғы-бергіні,
Ажырамас үшін ендігі жерде ел жігі.
Береке-байлау –
Бес ұсынысың да белгілі:
« Әуелі керек әскердің тепе-теңдігі».
Бас шұлғып қалды жайсаңдар менен қасқалар,
Кереғар келмей келіссөз енді басталар.
Бөгенбай батыр кеудеңнен сонда оянды,
Бөгенбай ма екен бөгеліп сөзден жасқанар.
Төле биден тартқан
Сөзіңнің текті төркіні,
Көкала бұлттар сөгіліп көкте жөңкіді.
Айыр қалпақты Абылай бабаң елесі,
Аймаңдайыңнан «айналайын»деп желпіді.
Мазасыз ойлар инедей шаншып миыңды,
Асқақ даланың алып жүрегі жиі ұрды.
Кеудемде менің Бұқар жырауым бұлқынып
«Ғажайып сәтті өлеңге қос» деп бұйырды.
Осынау шақта күмбір де күмбір күй еніп,
Жиналғандар жасадық жалғыз иелік.
Нұр аға!
Нұрлы жолыңды халқың тіледі,
Бекет Атаның аруағына сүйеніп!
Аманқос ЕРШУОВ.
Атырау облысы,
Жылыой ауданы.